Мамандардың айтуынша, қарапайым энтеровирус серозды менингит немесе жедел ішек инфекциясы түрінде көрінуі мүмкін.
Қазіргі уақытта өңірде жедел ішек инфекциялары бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері зертханалық түрде 3 энтеровирус инфекциясы расталды, өткен жылы осы кезеңде 12 жағдай тіркелген болатын.
– Жыл сайынғы эпидемиологиялық мониторинг аясында ағынды сулар, ашық су қоймалары мен субұрқақтардан энтеровирустардың бар-жоғына зерттеу жүргізіледі, – деп мәлімдеді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзамгүл Дощанова. – Қазіргі уақытта 34 ағынды су үлгісі зерттеліп, оң нәтижелер анықталған жоқ. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр осы кезеңде 14 үлгі зерттеліп, барлығы теріс нәтиже көрсеткен. 2024 жылдың ішінде барлығы 78 үлгі зерттеліп, оның 9-ы оң нәтиже берген болатын.
Мамандардың айтуынша, энтеровирустардың ерекшелігі – олардың сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті. Олар ағынды суларда, жүзу бассейндерінде, ашық су айдындарында, тұрмыстық заттар мен түрлі беттерде ұзақ уақыт өмір сүре алады. Сонымен қатар, энтеровирустар жаңа көкөністер мен жемістерде де кездесуі мүмкін. Жұқтыру жылдың кез келген мезгілінде орын алуы мүмкін, дегенмен ең көп жағдайлар жаз-күз маусымында тіркеледі.
Эпидемиологтар жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді: тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолды сабындап мұқият жуу, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу, көкөніс пен жемістерді жақсылап жуу, тексерілмеген су қоймаларында шомылудан бас тарту және тұрмыста тазалықты сақтау. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда, дереу дәрігерге жүгіну қажет.