
Өңірде орман өрттерінің саны артқанымен, өрт аумағы айтарлықтай қысқарды.
@pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарланғандай, биыл Павлодар облысында өрт қауіпті кезең 7 сәуірден бастап жарияланды. Іс жүзінде бүкіл жаз бойы өңірде өрт қауіптілігінің бесінші класы әрекет етті. Нәтижесінде жалпы ауданы 108,7 гектар жерде 100 орман өрті тіркелді, оның 41,5 гектары орман жамылған аумақ.
– Өткен жылмен салыстырғанда өрттер саны екі еседен астамға артты, – деп атап өтті облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елюбаев. – Алайда, олардың аумағы шамамен 50 есе қысқарды. 2024 жылы 5 мың гектардан астам аумақта 46 жағдай тіркелген болатын.
Орман аумақтарындағы өрттердің негізгі себебі найзағай разрядтары болып қала береді. Биыл бірден 87 өрт дәл ауа райының салдарынан туындады. Төрт жағдайда өрт халықтың кінәсінен, яғни адамдар жаққан отты сөндірмеуі салдарынан болған. Олардың әрқайсысы бойынша кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.










