Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша айлық жарияланды

Павлодар облысында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша айлық жарияланды

Nov 20, 2025 | Жаңалықтар


Өңір билігі мен құқық қорғау органдары тек заңдарды түсіндіріп қана қоймай, халыққа құқықтық мәдениетті сіңіруге ниетті.

Павлодар облысында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру @pavlodar.rsk алаңында талқыланды. Диалогқа өңір басшысының орынбасары Айгүл Мәлікова, облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаев, полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев және Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ринат Арғынбеков қатысты.

– Ішкі саясат тұжырымдамасында көзделген басты міндет – «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» атты негізгі құндылықтарды дәріптеуде заң үстемдігі  берік орнаған, демократиялық институттары мықты дамыған, азаматтардың конституциялық құқығы мүлтіксіз қорғалатын, жайлы өмір сүрі үшін баршаға мүмкіндік беретін  Әділетті Қазақстанның бірыңғай формуласын құру, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова. – Бүгінде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру барлық мемлекеттік органдардың маңызды және басым міндеттерінің бірі. Сондықтан заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен азаматтардың күш-жігерін жұмылдыру басты принцип. Осы орайда облыста  құқық қорғау саласы, барлық  мемлекеттік органдармен  және қоғам белсенділерімен бірлесе қағидатты ілгерілетудің  нақты бағыт-бағдары күшейтілді.

Прокуратураның үйлестіруімен Павлодар облысында барлық мүдделі мемлекеттік органдар кірген арнайы жобалық офис іске қосылды. Бұдан басқа, қадағалау органдарының бастамасымен өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша айлық басталады. Ол қоғам өмірінің барлық салаларын: білім беру мекемелерін, бизнесті және мемлекеттік құрылымдарды қамтиды. Айлық аясындағы іс-шаралар әртүрлі форматта өтеді.

– Бұл – күшейтілген патрульдеу, оның ішінде көңіл көтеру мекемелерінің жанындағы патрульдеу, алкогольді белгіленбеген уақытта сатуды, лицензиясыз қызмет пен заңсыз көші-қонды тоқтату, есірткі зертханалары мен притондарын анықтау, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу, – деп атап өтті облыс прокурорының орынбасары Бауыржан Ертаев. – Айлықтың негізгі мақсаты – тек заңдарды түсіндіріп қана қоймай, халықтың жауапкершілік пен тәртіптің құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Прокуратура жерлестерді шетте қалмай, профилактикалық жұмыстарға атсалысуға шақырады. Құқық қорғаушылар адамдардың орын алып жатқан құқық бұзушылықтар туралы белсенді түрде хабарлап, өз аулаларында және жақын маңдағы аумақтарда тәртіпті сақтайды деп үміттенеді.