Өткен жылы Павлодар облысының бірыңғай контакт-орталығында 107 мыңнан астам өтінішке жауап берілді.
109 қызметінің жұмысы туралы @pavlodar.rsk алаңында орталық басшысы Абзал Қабдраш айтып берді. Жыл сайын бірыңғай контакт-орталыққа түсетін қоңыраулар саны көбейіп келеді: егер 2023 жылы 93114 қоңырау түссе, 2024 жылы олардың саны 107421-ге дейін жетті. Орталық қызметіне көбінесе Павлодар, Екібастұз және Ақсу қаласының тұрғындары жүгінеді. Кей жағдайда 109 қызметіне ауыл тұрғындары да хабарласады. Олардың өтініштері бұралқы иттерді аулау, көше шамдарын жөндеу және өтпе жолдарды тазалауға байланысты.
– Жалпы алғанда өңір бойынша су және электр жабдықтауына қатысты коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша көп хабарласады, – деп атап өтті спикер. – Сондай-ақ тұрғындар абаттандыру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша да көп кеңес сұрайды.
Біраздан бері 109 қызметінде қалалар мен аудандардың әкімдерінің, сондай-ақ басқарма басшыларының рейтингін автоматты түрде жасайтын жаңа модуль енгізілді. Бағалау өтінішті өңдеуге жұмсалған уақыт пен жауаптың сапасы негізінде құрылады. Сонымен бірге, бірыңғай контакт-орталықта медицина мәселелері бойынша кеңес алып, медициналық көмекке байланысты өтініш жасауға болады.
109 қызметі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. 109 қысқа нөміріне қоңырау шалу Павлодар облысының бүкіл аумағында қол жетімді. Бұдан бөлек, бірыңғай контакт-орталыққа +7 747 790 1 109 нөміріндегі WhatsApp мессенджеріне , @pavlodar_109_user_bot Telegram-боты, @109.pavlodar Instagram-аккаунты, Komek 109 мобильді қосымшасы және www.pavlodar.komek109.kz. ашық порталы арқылы да хабарласуға болады.