Құқық қорғаушылардың айтуынша, арнайы жедел әрекет ету жасағына кіру үшін жақсы дене дайындығы мен төзімділік қажет.
Көпшілік арасында кең таралған пікірге қарамастан, қылмыскерлерді ұстау мен арнайы операциялардан бөлек, СОБР жауынгерлері «бейбіт» жұмыстарды да атқарады. Мысалы, мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Дегенмен жедел әрекет ету жасағына іріктеу талаптары ерекше.
— Кандидаттың жасы 35-тен аспауы керек, бойы кемінде 170 сантиметр, білімі – жоғары немесе арнаулы орта болуы тиіс, — дейді СОБР взводының командирі Азиз Нұрғалиев. — Бізге қызметке келетіндердің мамандығы «Бастапқы әскери дайындық», «Дене шынықтыру және спорт» немесе «Құқықтану» болуы қажет. Бірақ ең бастысы – жақсы физикалық дайындық пен төзімділік.
Павлодар облысының арнайы жедел әрекет ету жасағының штатында 197 адам бар. Мұнда ерлермен қатар төрт қыз да қызмет етеді.