
Жалпы, 2022 жылдан бері өңірде 1 миллион гектарға жуық жер қайтарылған.
Жерлерді мемлекеттік айналымға қайтару жағдайы туралы @pavlodar.rsk алаңында жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов айтып берді. Соңғы үш жылда Павлодар облысында бірден 940 мың гектар жер қайтарылған. Оның шамамен 330 мың гектары бүгінде бөлуге жатады.
Бүгінгі таңда әкімдіктер электронды конкурстық рәсімдерді күтпей-ақ қайтарылған жерлерді, соның ішінде конкурстан тыс шөп шабу үшін, сондай-ақ қоныс аударушыларға берілетін учаскелерді айқындап бере алады. Жақсы жайылымдық жерлердің тапшылығын жою үшін қайтарылған алқаптарды резервке алу немесе олардың тапшылығы бар ауыл әкімдіктеріне бекітіп беру қажет. Ол үшін Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарларына түзетулер енгізу қажет.










