Бүгінгі таңда өңір тұрғындарынан қоқыс шығару және абаттандыру мәселелеріне қатысты 200-ден астам өтініш Telegram-дағы @TazaQazBot ботына түскен.
«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында бұл чат-бот өткен жылы іске қосылған. Павлодар облысында бұл сервисті көбінесе қала тұрғындары пайдаланады. Дегенмен, экологтардың айтуынша, қоқыс жиналуын немесе абаттандыруға қатысты басқа да мәселелерді Telegram мессенджері арқылы кез келген елді мекен тұрғыны хабарлай алады.
– Көшеде немесе саябақта серуендеп жүрген кезде бірден чат-ботқа жазыңыз, – деді @pavlodar.rsk алаңында өңірдің бас мемлекеттік экологы Әсет Сыздықов. – Адам егер қоқысқа толып кеткен жәшіктер мен контейнерлерді, бұзылған абаттандыру элементтерін, қураған ағашты көрсе, Telegram арқылы хабарлай алады. Жауапты орындаушы бұл мәселе туралы хабар алғаннан кейін қысқа мерзімде олқылықты жоюға тиіс.
Өтініш беру үшін Telegram қосымшасын жүктеп, @TazaQazBot чат-ботына жазылып, қарапайым тіркеу формасынан өту қажет.