Бүгінде өңірде бұл созылмалы аллергиялық аурумен 2 мыңға жуық бала медициналық есепте тұр.
Мамандардың айтуынша, бронхиялық астма адамның өмір сапасына кері әсер етеді және тіпті мүгедектікке әкелуі мүмкін. Егер бұл созылмалы аллергиялық ауру дер кезінде анықталмаса және дұрыс емделмесе, соңы өлімге әкелуі ықтимал.
– 2017 жылы 100 мың қазақстандыққа шаққанда бронхиялық астманың небәрі 93 жағдайы тіркелген болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 258-ге жетті: оның 126-сы ересек, 132-сі бала, – деп мәлімдеді баспасөз конференциясында @pavlodar.rsk алаңында облыстық балалар ауруханасының аллергологы Рауза Джекесова. – 2024 жылдың жағдайы бойынша Павлодар облысында 203 мың баланың ішінде шамамен 2 мың бала бронхиялық астмамен есепте тұр.
Дәрігерлердің айтуынша, көбінесе диагноз 10-14 жас аралығында расталады, алайда аурудың алғашқы белгілері 1-2 жасында-ақ пайда болуы мүмкін. Кейбір отбасыларда бұл созылмалы аллергиялық ауруды қарапайым тұмау деп емдей салады. Сол себепті бронхиялық астмаға деген сақтық тек дәрігерлерде ғана емес, ата-аналарда да болуы тиіс.
– Бұл соншалықты жаһандық проблема болғандықтан, 1998 жылы Дүниежүзілік бронхиялық астмамен күрес күні бекітілген, – деп атап өтті спикер. – Қазақстанда бұл бағытта одан да ауқымды шара қолға алынып, әр өңірде қоғам назарын осы мәселеге аудару мақсатында ерекше челлендж ұйымдастырылуда. Павлодар облысында бұл шара 25 маусымда өтеді.
Бронхиялық астма мен басқа да аллергиялық аурулар неден пайда болуы мүмкін? Үй шаңы, зең саңырауқұлақтары, өсімдіктер тозаңы, үй жануарларының жүні мен қайызғағы, құс қауырсыны, тарақандар, тағамдық және дәрілік аллергендер және тағы басқалар. Сондықтан дәрігерлер балаларда аллергия белгілері байқалған сәтте-ақ, оны асқындырып алмау үшін, нақты диагноз қойып, тиісті ем жүргізу мақсатында дереу маманға жүгінуге кеңес береді.