Мамандардың айтуынша, балалардың тәттілер мен газдалған сусындарды шамадан тыс тұтынуы тек тәбеттің төмендеуіне ғана емес, сонымен қатар ересек жаста білінетін асқазан-ішек жолдарының ауыр ауруларының дамуына әкеледі.
Бүгінгі күні бала қалай дұрыс тамақтануы керек екені @pavlodar.rsk алаңында өткен кездесуде талқыланды. Павлодар облысының бас штаттан тыс балалар гастроэнтерологы Сәуле Штаеваның айтуынша, көптеген ата-аналар кәмпиттер мен чупа-чупсты толыққанды тағам деп санамайды, алайда бір-екі тәттінің өзі баланың тәбетін қандырып, ботқа мен ет сияқты пайдалы тамақтан бас тартуына жеткілікті. Дәрігерлер тәтті сусындар мен кәмпиттерді баланың мәзірінен мүлдем алып тастауды ұсынады, сонда ғана баланың дұрыс тәбеті қалпына келеді.
– Қабылдауға келген кезде мен тәттілер мен тәтті сусындарды мәзірден алып тастауды ұсынамын, сол кезде бала дұрыс тамақтана бастайды, – дейді маман.
Тәбеттің төмендеуінен бөлек, тәттінің шамадан тыс мөлшері паразиттік инфекциялардың, әсіресе лямблиоздың дамуына қолайлы орта туғызады. Қантты көп тұтынатын аймақтарда мұндай инфекциялар жиі кездеседі. Лямблиялар аш ішектің бүршіктеріндегі ферментативті қабатты “жойып”, қоректік заттардың сіңірілуіне кедергі жасайды. Бұл балаларда энергия мен дәрумен теңгерімінің бұзылуына алып келеді. «Жаман тамақтанатын» балалардың ата-аналары көбіне әлсіздік, іштің кебуі, түнгі колик сияқты белгілермен жиі кездеседі.
– Бір кәмпит күн сайын – ештеңе етпейтін сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл күн сайын қайталанса, ол ас қорыту жүйесіне патологиялық әсер етеді, – деп атап өтті спикер.
Дәрігерлер бала кезден қалыптасқан әдеттердің ұзақмерзімді салдары болатынын ескертеді. Мұндай адамдарда 18-20 жасқа келгенде ойық жара, қант диабеті, холецистит, панкреатит, артық бактериялық өсу синдромы мен тітіркенген ішек синдромы дамуы мүмкін. Мамандар ата-аналарға балаға дұрыс тамақтану тәртібін қалыптастыру қажеттігін еске салады. Тіскебасар ретінде балаларға жеміс-жидектер, көкөністер, табиғи шырындар, компоттар мен морстар ұсынып, газдалған сусындарды толықтай ауыстыру ұсынылады.