Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік тапсырысты ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба мамыр айында іске қосылды. Енді ата-аналар балаларына балабақшаны өздері таңдай алады, ал қаржы «баламен бірге жүреді», бұл бүкіл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда балабақшалар деңгейінде ваучерлік қаржыландыруды былтыр бірден бірнеше қалада енгізе бастаған болатын. Енді бұл жоба Павлодарға да жетті. Бүгінде облыс орталығының 83 мектепке дейінгі ұйымы, оның ішінде 10 жекеменшік балабақша осы пилоттық жоба аясында жұмыс істеп жатыр. Аталған балабақшаларға баратын 16 мыңнан астам бала автоматты түрде ваучерлерге ие болды.
@pavlodar.rsk алаңында білім беру органдарының өкілдері хабарлағандай, жаңа жүйенің бірқатар артықшылығы бар. Біріншіден, ата-аналар мектепке дейінгі ұйымды өз бетінше таңдау құқығына ие болады, бұл жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар арасындағы бәсекелестікті ынталандырады. Екіншіден, ваучерлік қаржыландыру «ақша мекемеге емес, балаға ереді» қағидатын қарастырады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды және қаражат қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жүйе кезекке тұру рәсімін жеңілдетеді және танымал балабақшаларда «орын аулау» қажеттілігін болдырмайды. Бұған қоса, ата-аналар көрсетілетін қызметтердің сапасын тікелей бағалай алады, өйткені олардың таңдауы мекеменің қаржыландырылуына тікелей әсер етеді.