
Өтінімдерді қабылдау 3 қарашада басталып, 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Қатысушыларды іріктеу баллдық жүйе бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте өтінім берілген күн нәтижеге әсер етпейді.
@pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз конференциясында «Отбасы банкі» өңірлік филиалының баспасөз хатшысы Мейрам Бағадатов айтып өткендей, «Наурыз» бағдарламасы жас отбасылар мен азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына бағытталған.
Баллдар келесі жағдайлар үшін есептеледі:
- Балаларының болуы;
- Тіркелген некесінің болуы;
- 35 жасқа дейінгі жас;
- Әлеуметтік мәртебесі;
- Тұрғын үй құрылыс жинақтары аясындағы салымдағы сыйақы мөлшері.
«Наурыз» бағдарламасы жас отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Балдар келесі критерийлер бойынша есептеледі: балаларының болуы, ресми некеде тұруы, жасы 35-тен аспауы, СУСН мәртебесі және ТҚЖ салымындағы сыйақы мөлшері. Бұл бағдарлама өмір жолын енді бастаған азаматтарға өз баспанасын алуға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Ал «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы жұмысшы мамандық иелеріне арналған. Оған ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, қалдықтарды өңдеу, көлік, су және қойма салалары, сондай-ақ кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері қатыса алады. Қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда тұрғын үйі болмауы тиіс. Сонымен қатар, hcsbk.kz сайтында көрсетілген тізім бойынша жұмысшы мамандықты растау қажет. Өтінімді онлайн немесе банк бөлімшесінде беруге болады, ол үшін жұмыс орнынан анықтама және жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы құжат қажет.
Б ағдарламалардың қаржылық шарттары қолжетімді: таза әрлеудегі тұрғын үй үшін бастапқы жарна — 10%, қарапайым әрлеу үшін — 20%. Пайыздық мөлшерлеме — 9%, ал әлеуметтік осал топтар үшін — 7%. Несие мерзімі — 19 жылға дейін. Тұрғын үйді Астана, Алматы және облыс орталықтарындағы бастапқы нарықтан, сондай-ақ моноқалалар мен аудан орталықтарындағы екінші нарықтан сатып алуға болады.










