Жалпы еңбек жасақтарына шамамен 2,1 мың мектеп оқушылары мен студенттерді тарту жоспарланып отыр.
@pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз мәслихатында жастар және отбасы бөлімі мен ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жаннұр Ахметжанова және облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Русана Сұлаймонова 21-еңбек маусымының басталғанын хабарлады.
Павлодар қаласында еңбек жасақтарына мыңнан астам адам, Екібастұз бен Ақсуда – 200-300, ал ауылдық аудандарда – 50-90 адам тартылмақ. «Жасыл ел» қатарына 16 жастан бастап мектеп оқушылары мен студенттер, сондай-ақ 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қабылданады.
Алғашқы еңбек жасақтары жұмысын сәуір айында бастап кетті. «Жасыл ел» жауынгерлерінің негізгі легі маусым айынан бастап еңбекке кіріседі. Жалпы еңбек маусымы қараша айына дейін жалғасады. Жастар елді мекендерді абаттандырумен, аумақтарды тазалаумен және басқа да іс-шаралармен айналысады. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – жастарды жазғы демалыс кезінде пайдалы іспен айналысуға тарту және табыс табуға мүмкіндік беру.