Статистикаға жүгінер болсақ, бүгінде Павлодар облысындағы мемлекеттік қызметкер 41 жастағы жоғары білімді әйел.
ӨКҚ алаңында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілдері сөз сөйлеп, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыстарын қорытындылап, облыстық мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ахуалға тоқталды. Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілердің саны бүгінгі күні 4137 бірлікті құрайды. Бұл ретте 347 орын бос қалды.
– Мемлекеттік қызметтегі әйелдер саны 2582 адам – бұл жалпы мемлекеттік қызметшілердің 68 пайызы, – дейді мемлекеттік қызмет департаментінің мемлекеттік қызметті бақылау бөлімінің басшысы Руслан Иманқұлов. – Сондай-ақ, облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің 89 пайызының жоғары білімі болса, 20 пайызының екі және одан да көп жоғары білімі бар.
Ресми статистикаға сәйкес, Павлодар облысында мемлекеттік қызметшінің орташа жасы 41 жасты құрайды. Мемлекеттік қызметтің өңірлік жүйесінде «Болашақ» бағдарламасының 4 түлегі және Мемлекеттік басқару академиясын бітірген 13 адам жұмыс істейді.