
Табиғи монополияларды реттеу департаменті Кенжекөл ауылы тұрғындарының әділдікке қол жеткізуіне көмектесті.
Ведомствоның аралық жұмыс қорытындылары @pavlodar.rsk алаңында жарияланды. Департамент басшысы Нұрлан Нұрмұратов Кенжекөл ауылында орын алған жағдайды атап өтті. Ауыл тұрғындарының ұжымдық шағымы бойынша басталған тексеру барысында, «Павлодар-Водоканал» ЖШС жаңа тұтынушылардан техникалық қызмет көрсету және құбырларды жуу үшін заңсыз ақы талап еткені анықталды. Шын мәнінде, бұл жұмыстар бұған дейін орындалған болатын.
– Кәсіпорынға заң бұзушылықтарды жою, тұтынушыларға заңсыз өндірілген сомаларды қайтару және сумен жабдықтауға толық қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы ұйғарым жіберілді, – деді спикер. – Ол толық көлемде орындалды. Сонымен қатар, кәсіпорынға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Заңбұзушылық нәтижесінде алынған кірістің он пайызы мөлшерінде айыппұл салынды. Ол да толығымен төленді.
Жыл басынан бері өңір монополистеріне салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 20 миллион теңгеден асты, бұл қаражат мемлекет кірісіне өндірілді.










