2024 жылы барлығы 71 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
@pavlodar.rsk алаңында жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Хамитов өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты. Жыл басынан бері мемлекет меншігіне 8,6 мың гектар егістік, 60,8 мың гектар жайылым, 1,3 мың гектар басқа жер қайтарылды. Қайта пайдалануға 18,6 мың га қайтарылды, оның ішінде халық мұқтажы үшін 11,9 мың га.
– Біз халықты тек олардың талаптарына сай келетін, яғни елді мекендерге жақын орналасқан жайылымдық жерлермен қамтамасыз етеміз, – деді спикер. – Ауылдардан 40-70 шақырым жерде орналасқан шалғайдағы жайылым жерлеріміз жеткілікті. Жетіспеушілік әсіресе сауын сиырлар жайылып, үй шаруашылығында қалатын қоғамдық жайылымдарда орын алады.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының геосервисі арқылы жүргізілген ғарыштық мониторингтің соңғы мәліметтері бойынша, Павлодар облысындағы пайдаланылмай жатқан жерлердің көлемі 502,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 482,2 мың гектар алқапта мал басы жоқ.