1,5 миллион теңгеге жуық мемлекеттік жәрдемақылардың жартысына жуығын көп балалы отбасы мүшелері алған.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова @pavlodar.rsk алаңында өткен баспасөз мәслихатында павлодарлықтардың өз кәсібін дамыту үшін тегін гранттар алатыны туралы айтты. 2024 жылға басқарма халықтың әлеуметтік осал санаттарының өкілдеріне 443 грант бөлді. Грант сомасы 400 АЕК немесе 1,5 миллион теңгеге жуық. Грант алудың міндетті шарты жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.
• Бірінші лектің қорытындысы бойынша Павлодар облысының 193 тұрғыны тегін грантқа ие болды, – деді спикер. – Олардың ішінде 91 көп балалы отбасының өкілі, 34 мүмкіндігі шектеулі жан және 22 ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған ата-ана бар. Гранттар негізінен ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласын дамытуға алынады.
Бүгін облыста гранттық қаржыландырудың екінші легі жарияланды. Өтініштер www.business.enbek.kz порталында қабылданады. Интернетке немесе компьютерге қол жеткізе алмасаңыз, өтінішіңізді мансап орталықтарына немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына бере аласыз.