
Биыл өңір шаруалары монодақылдардан тиімділігі жоғары және сұранысқа ие дақылдарға басымдық берді.
Павлодар облысындағы егін жинау науқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев айтып берді. Биыл өңірдегі жалпы егіс алқабы 1,4 млн гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 80 мың гектарға жуық көп, себебі майлы дақылдар мен картоп егістігі ұлғайтылған.
Бүгінгі таңда 485 мың гектардан астам немесе 34% алқап жиналды, – деді спикер. – Әр гектардан орташа есеппен 11,9 центнер өнім алынып, жалпы 533 мың тонна астық бастырылды. Картоп пен көкөністерге келетін болсақ, егіннің жартысы жиналды – тиісінше 405,7 мың тонна және 122,3 мың тонна. Бақша дақылдары толығымен жиналды – 82,9 мың тонна.
Күзгі-дала жұмыстарына 2,2 мыңнан астам түрлі тракторлар мен 2,3 мың комбайн жұмылдырылды. Астық тасымалдауға 2,6 мыңнан астам автокөлік пен 1,3 мыңға жуық трактор тіркемесі пайдаланылуда. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету 100% құрады. Жалпы алғанда 33,2 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді.
Бүгінде фермерлерд34 алдында тұрған бірінші кезектегі міндет – астық жинау. Бұл жұмысты қазан айының басына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал майлы дақылдарды жаппай жинау алғашқы аяз түскенде басталады.










