Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін міндетті түрде саусақ ізін тіркеу төрт айдан бері күшіне енген.
ӨКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Дәулет Ысқақовтың айтуынша, Павлодар облысында 9 мыңнан астам шетел азаматы мен азаматтығы жоқ 326 адам тұрақты тұрады.
– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында уақытша, тұрақты тұруға ықтиярхат немесе виза алуға өтініш білдірген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды міндетті түрде тіркеу қамтамасыз етіледі, – деді спикер. – Рәсімнен өту үшін шетелдік азамат уақытша болатын жері бойынша көші-қон қызметі бөліміне жүгінеді. Саусақ ізінен өткеннен кейін белгіленген үлгідегі анықтама беріледі, оны кейіннен Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелеріне ұсынуға болады.
Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеуден өтуден бас тартуы елден әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.