Қазақстан бойынша арнайы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап басталды.
Бұл үдерістің басты мақсаты – осы қызметтерді көрсететін ұйымның меншік нысанына қарамастан, олардың тиісті сапасын қамтамасыз ету.
– Ел бойынша жүргізілген кешенді тексерулердің нәтижелері көрсеткендей, қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуы, қызметтердің толық көлемде көрсетілмеуі, жатын орындарға қатысты белгіленген нормалардың сақталмауы сияқты фактілер анықталды, – деді @pavlodar.rsk баспасөз конференциясында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова. – Лицензиялау жүйесін енгізу – арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғыртудың бір кезеңі болды. Бұл шара ұсынылатын қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге, қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға және арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізуге бағытталған.
Стационарлар, жартылай стационарлар немесе уақытша болу орталықтары үшін өз меншігінде немесе жалға алынған ғимараттың болуы талап етіледі. Сонымен қатар, ғимарат санитарлық нормаларға, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келуі және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Белгіленген нормативтерге сәйкес, мекеме қажетті материалдық-техникалық базамен және штаттық кестемен қамтамасыз етілуі керек. Егер қызмет алушылар мекемеде тұратын болса, тамақтану мен жатын орындарды ұйымдастыру бойынша нақты талаптар бар. Үй жағдайында қызмет көрсететін ұйымдарға қойылатын талаптар сәл жеңілдетілген, негізінен, қызметкерлердің саны мен біліміне қатысты.
Лицензия 3 жыл мерзімге беріледі. Лицензиялаудан мемлекеттік те, жеке меншік ұйымдар да өте алады. Арнайы әлеуметтік қызметтерді лицензиясыз көрсетуге тыйым салынады.
Павлодар облысында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін 44 мекеме бар. Оның ішінде 22-сі үй жағдайында қызмет көрсетеді, сондай-ақ стационар немесе жартылай стационар жағдайында жұмыс істейтін бір ұйым лицензия алды. Жеті мекемеге лицензия беруден бас тартылды. Қалған қызмет көрсетушілерді лицензиялау жұмыстары жалғасуда.