
Жаңа оқу жылында Павлодар облысында оқушы орындарының тапшылығы үш еседен астам қысқарды.
@pavlodar.rsk ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова мектеп инфрақұрылымының дамуы туралы айтып берді. Егер былтыр өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы 6000-нан астам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 1900-ге дейін төмендеген. Оқушы орындары тапшылығының азаюына Павлодардағы «Достық» шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектептің ашылуы ықпал етті.
– Қазіргі таңда Павлодарда 600 орындық тағы бір жаңа мектептің құрылысы жалғасуда, ол қыркүйек айының соңында пайдалануға берілуі тиіс, – деді спикер. – Сонымен қатар, облыс орталығында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке 288 орындық қосымша құрылыс салынып жатыр. Келесі жылы Усолка шағын ауданында 1200 орындық оқу орнын пайдалануға беру жоспарланған.
Осы үш жаңа нысанның іске қосылуының арқасында 2026 жылы Павлодар мектептеріндегі үш ауысымды оқыту мәселесі толығымен шешіледі.










