Субсидияланатын несиелердің арқасында Павлодардағы сауда саласының өкілдері өз сауда орындарын жаңғыртып, жеке коммерциялық нысандарын сатып алуда.
Жақын арада павлодарлықтарға «Муравейник» атауымен танымал «Олжа» көтерме-бөлшек сауда дүкенінде лифт іске қосылады. Осы мақсатта бес қабатты ғимаратқа арнайы шахта салынып, 800 килограмм жүк көтеретін көтергіш сатып алынды.
– Бұл ғимарат 1972 жылы салынған және мұнда бұрын-соңды лифт болмаған, – дейді «Манакбай» корпорациясы компаниясының басшысы Марал Тезекбаева. – Лифт қоюды біздің жалға алушыларымыз да, төртінші және бесінші қабатқа көтерілуі қиындап жүретін сатып алушыларымыз да сұраған еді. Сондықтан біз «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры субсидиялайтын несие алдық. Бұл – бизнес үшін өте тиімді құрал.
Мемлекеттік қолдаудың банктік несиені субсидиялау тетігін жеке кәсіпкер Рада Маутина да пайдаланды. Ол көп жылдар бойы кеңсе тауарлары мен сабын және жуғыш заттар бөлімдеріне ғимараттарды жалға алып келген. Бір сәтте кәсіпкер әйел өзінің коммерциялық нысанын сатып алу үшін тіпті пәтерін кепілге қоюды да ойлаған.
– Нәтижесінде мен 33 миллион теңгеге коммерциялық несие рәсімдедім, оның жылдық мөлшерлемесі бойынша мен бар болғаны 9% төлеймін, ал қалғанын «Даму» қоры өтейді, – дейді Рада Маутина. – Мини-маркет – менің арманым жолындағы алғашқы қадам ғана. Болашақта үлкен әлеуметтік дүкен ашуды жоспарлап отырмын.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы ішкі сауда субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау құралдары 2024 жылдан бастап қолданыла бастады. Кәсіпкерлер инвестиция мен айналым қаражатын толықтыруға несие рәсімдей алады.