
Жылыту маусымына дайындық аясында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы жылу желілерінде 300-ге жуық әртүрлі зақымданулар анықталды.
Өңірде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің қысқа қалай дайындалып жатқаны туралы @pavlodar.rsk-де өткен баспасөз конференциясында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов айтып берді. Үшінші жыл қатарынан желілерде гидравликалық сынақтар жүргізу және зақымдануларды жою жұмыстарын облыстық және қалалық бюджеттер өз мойнына алды.
– Әлеуметтік желілерде біз бүкіл жаз бойы жұмыс істемедік және сынақтарды тек қазір жүргізіп жатырмыз деген пікір қалыптасқан, – деп атап өтті спикер. – Техникалық регламент желілерде гидравликалық сынақтарды екі рет өткізуді көздейді: біріншісі — жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, екіншісі — жазғы науқан аясында барлық жөндеу жұмыстарынан кейін. Бұл ретте осы жұмысқа деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Мысалы, бұрын Ақсуда сынақтар тек магистральдық желілерде ғана жүргізілетін, бұл қаладағы барлық желілердің 20% – ға жуығы. Енді кварталішілік желілер де міндетті түрде тексеріледі.
Ақсуда гидравликалық сынақтар аясында 32, Екібастұзда 143, ал Павлодарда 120 зақымдану анықталды. Қазір жөндеушілер оларды жоюмен айналысуда. Мысалы, облыс орталығында бұл жұмысты қалалық әкімдіктен 30 бригада және «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нен 10 бригада орындайды.










