
Мамандардың айтуынша, цифрландырудың арқасында бүгінде жануарлардың миграциясы туралы біліп, базардағы еттің қайдан келгенін анықтауға болады.
Бүгінде Павлодар облысының аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында 535 мыңнан астам ірі қара мал, 290 мың жылқы, 102 мың шошқа, 702 мың ұсақ мал және тіпті 162 түйе тіркелген. Бұл реестр арқылы жануар жайлы барлық мәліметті білуге болады: оған қандай алдын алу екпелері салынған, оның бұрынғы иесі кім болған және ол кімге сатылған.
– Малды союдан бастап, еттің дүкен сөресіне дейінгі жолын қадағалауға мүмкіндік беретін ветеринарлық-санитарлық сараптама цифрлық жүйеге көшті, – деді @pavlodar.rsk алаңында ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев. – Яғни, нарықа ет сатып алуға келген тұтынушы сөреге ілінген QR-кодты сканерлеп, оның қайдан келгенін біле алады. Жүйеде сойылған жануардың иесі туралы мәліметтер, оны сою алдындағы және кейінгі тексеруді жүргізген мал дәрігерлерінің деректері және басқа да ақпарат көрініс табады.
2023 жылдан бастап әрбір ит пен мысық иесі үй жануарын Tanba дерекқорына тіркеуі тиіс. Бүгінгі таңда өңірде осы реестрге 4,7 мыңнан астам үй жануары енгізілді.










