М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрамында халық әртісі Асанәлі Әшімов Павлодарға келді.
Алматылық шығармашылық ұжымның гастрольдік сапары 10-14 мамыр аралығында облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында өтеді. Бұл шара М.Әуезов атындағы театрдың 100 жылдығына арналған. Әртістер павлодарлық жұртшылыққа бірден бес қойылым – «Қара», «Мөлдір махаббат», «Еңлік-Кебек», «Жүз жылдық махаббат» және «Сүйікті менің періштем» спектакльдерін ұсынады. Гастрольге барлығы 50-ден астам әртіс пен 30 театр техникалық қызметкері қатысуда. Театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов павлодарлықтарды қойылымдарға шақырып, әртістердің жергілікті көрерменді ерекше тебіреніспен күтетінін атап өтті.
– Павлодар облысы елімізге тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанинді, тұңғыш кинорежиссер Шәкен Аймановты, Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевты берді, сондықтан біз сіздердің өңірлеріңізге үлкен үреймен қараймыз. Көптеген фильмдерім басқа қазақ фильмдері сияқты Баянауылда түсірілді. Баянауыл – кинопавильоны, даладағы кино оазисі деуге болады, – дейді Асанәлі Әшімов.
@pavlodarnews.kz хабарлағандай