Жаздың үш айында Павлодар облысында 108 мыңнан астам оқушы демалыстың, сауықтырудың және жұмыспен қамтудың барлық түрлерімен қамтылады. Бұл 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 98,4 пайызын құрайды.
Білім басқармасының өкілдері жас павлодарлықтардың жазғы демалысын ӨКҚ алаңында қалай өткізетіні туралы айтып берді. Қала және ауыл мектептерінің базасында 326 мектеп жанындағы лагерьлер мен ойын алаңдары іске қосылды. Егде жастағы балалар үшін 424 мамандандырылған лагерлер мен түрлі бағыттағы жасақтар ұйымдастырылды.
– Сонымен қатар, Павлодар облысында қолжетімді 12 саяжай лагерінің 10-ы жұмыс істейді, – дейді білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмахан. – Баянауылдағы «Балдәурен» лагерінде бүгінде күрделі жөндеу жүріп жатыр, ал «Бүркіт» жекеменшік лагері әлі жұмыс істемейді. Жалпы, жазғы лагерьлер базасында 6 мыңға жуық оқушыны сауықтыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 3,5 мыңнан астам бала демалып үлгерді.
Айтпақшы, биыл ауылдарда тұратын 925 павлодарлық жас «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен демалады. «Жас дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығында тағы 485 бала демалып үлгерсе, 24 шілдеде тағы 240 бала барады. Сондай-ақ, Назарбаев Университеті жанындағы елордалық «Айналайын» лагерінде 200 оқушы демалды.