Халықаралық әйелдер күніне орай Павлодар облысында мыңға жуық түрлі іс-шара жоспарланған.
8 наурызға арналған ірі қоғамдық-мәдени шаралар @pavlodar.rsk алаңында жарияланды. 3-8 наурыз аралығында Н. Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде павлодарлық суретшілердің «Әйел бейнесі» атты көрмесі өтеді. Ал Халықаралық әйелдер күніне орай «Шаңырақ» орталығында «Ертіс аруы» байқауы ұйымдастырылады.
– Сағат 17:00-де И. Байзақов атындағы филармония концерт залында «Трио баритонов» концерті өтеді, – деп хабарлады Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Самал Саменова. – Сонымен қатар, екі павлодарлық театрда спектакльдер қойылады: Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драмалық театрында «Алғашқы махаббат» комедиясы, ал Чехов атындағы театрда «Махаббат машақаты» лирикалық комедиясы көрерменге жол тартады.
Мерекеге орай павлодарлық театрлар мен музейлерге әйелдер тегін кіре алады.