
Өткен жылдан бері жалғасып келе жатқан нысандар ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жобасы аясында салынуда.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова @pavlodar.rsk ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің қалай дамып жатқанын айтып берді. Жалпы, 2024 және 2025 жылдары өңірде жалпы сомасы 4,8 млрд теңгеге 30 медициналық нысан салу жоспарланған. Олардың 24-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді, қалған 6-уы ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылады.
– Бүгінде Павлодар облысы халқының 85,6%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған, – деп атап өтті спикер. – Бұл тұрғындардың басым көпшілігі медициналық қызметтерді толық көлемде алуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Біз профилактикалық бағытты белсенді дамытып жатырмыз. Ағымдағы жылы ондаған мың тұрғын қатысқан 400-ден астам кездесулер мен акциялар өткізілді. Дәрігерлер адамдар көп жиналатын жерлерге, кәсіпорындарға, ауылдық округтерге барып, азаматтар экспресс-тексеруден өтіп, қан қысымын, қандағы қант мөлшерін өлшеп, мамандардан кеңес ала алады.
Айгүл Маликова атап өткендей, денсаулық сақтауды цифрландыруға да үлкен көңіл бөлінуде. Биыл өңірде 1,2 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілді, олардың әрбір 12-сі қашықтықтан көрсетілген. Бұл мобильді қосымшалар арқылы кеңес беру, электронды анықтамалар, үзінді көшірмелер және пациентті қабылдауды растау болып табылады.










