
Өрттер мен ықтимал құқық бұзушылықтарды анықтайтын бейнеаналитикалық бейнекамералар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында орнатылуда.
«Қауіпсіз қала» тұжырымдамасы аясындағы жоба туралы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмирин айтып берді. Оның басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жаңа жүйені енгізу жол-көлік оқиғаларының санын 20%-ға дейін азайтуға, жолдардағы өлім мен жарақаттануды төмендетуге, қылмыс деңгейін 19%-ға дейін қысқартуға, ашылу деңгейін 82,8%-дан 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Аппараттық-бағдарламалық кешендер мен бейнекамераларды сервистік модель бойынша мердігер орнатады және оған қызмет көрсетеді. Жабдықтың барлығын жеткізуші өз есебінен сатып алып, орнатады, ал тапсырыс беруші үш жыл бойы келісімшарт бойынша әрбір жұмыс істейтін камера үшін ай сайын ақы төлейтін болады. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін барлық техника мемлекетке өтеусіз беріледі. Жоба аясында мердігер ұйым 3 мың камераны жабдықтайды, тағы 1,2 мың камера жоба бюджетінен тыс орнатылып, қызмет көрсетілетін болады. 600 бейнебақылау камерасы бейнеаналитикамен жабдықталады.










