Ұйымдастырушылар түрлі салаларда еңбек ететін, жасы 35-ке дейінгі жас мамандардан өтінім күтуде.
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Гүлзира Атабаева @pavlodar.rsk алаңында «Jas Kenes Sıylygy» сыйлығының лауреаттары кім бола алатынын айтып берді. Лауреатқа бір миллион теңге табысталады. Сыйлық тек демеушілік қаражат есебінен тағайындалады.
– Бұл сыйлық 2024 жылы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен қолға алынды, – деді спикер. – Ол мемлекеттік сыйлықтармен бәсекелеспейді. Негізгі мақсаты – қоғамға ықпал ететін маңызды мамандықтардың маңыздылығын атап көрсету. Биыл номинациялар саны 10-ға дейін кеңейтілді. Әр номинация бойынша екі жеңімпаз анықталады.
«Bilim jane Gylym» номинациясы мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарын, сондай-ақ ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді және зерттеушілерді қамтиды. «Zharyq» номинациясы энергетика саласының, атом өнеркәсібінің, мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған. «Örken» номинациясы агроөнеркәсіп кешенінің, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік өндіру саласының қызметкерлерін қамтиды.
Технологиялар қарқынды дамыған заманда IT саласының және креативті индустриялардың қызметкерлері маңызды рөл атқарады. Олар «Örleu» номинациясынан өз орнын тапты. «Janqiarlyq» номинациясы екіге бөлінді: бірі – ішкі істер органдары мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметкерлеріне, ал екіншісі – төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндірушілер және азаматтық қорғау жүйесінің басқа да ұйымдарының қызметкерлеріне арналған «Qaisar» номинациясы. Орта және кіші медициналық персонал қызметкерлерін қамтитын «Altyn jürek» номинациясына дәрігерлер де енгізілді.
«Altyn qol» номинациясы жұмысшы мамандықтарының – сырлаушылардың, сантехниктердің, құрылысшылардың және тағы басқалардың, сондай-ақ елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ПИК, ОСИ және басқа ұйымдардың қызметкерлеріне арналған. «Bolaşaq turaly qamqorlyq» номинациясына инклюзивті оқу орталықтарының мамандары, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар және волонтерлер кіреді. «Önerkäsıp» номинациясы өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторлары қызметкерлерін қамтиды.
Өтінімдерді қабылдау https://jas-kenes.kz/siylygy сайтында 20 шілдеге дейін жалғасады. Сыйлықты табыстау рәсімі 20 тамызда Астанада өтеді. Үш кезеңдік іріктеу жоспарланған.