
№1 Павлодар қалалық ауруханасында қан тамырлары хирургиясы және диабеттік табан орталықтары ашылғаннан кейінгі бір ай ішінде 50-ге жуық әртүрлі операция жасалды.
Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде клиника дәстүрлі хирургияны жұмсақ эндоваскулярлық әдістермен ұштастыруға мүмкіндік беретін заманауи ангиографпен жабдықталды. Мұндай технологиялар аяқ артерияларының тарылуына немесе толық бітелуіне жиі әкелетін қант диабеті кезінде аса маңызды.
– Ангиографиялық қондырғының көмегімен біз операцияларды тамырдың ішінен жасаймыз, – деп атап өтті рентген-эндоваскулярлық тамыр хирургі Нұржан Асылханов. – Арнайы баллондар арқылы оның саңылауын кеңейтіп, қажет болған жағдайда стенттер орнатамыз. Бұл қан ағымын қалпына келтіруге, ауырсынуды азайтуға және тіндердің қоректенуін жақсартуға көмектеседі.
Бұл жабдық холестерин қабаттары қан ағымын бөгейтін атеросклероз кезінде де тиімді, ал диабетпен ауыратындарда бұл патология ерекше қарқынмен дамиды. Қалыпты қанмен қамтуды қайта қалпына келтіру үшін мамандар артерия саңылауын баллонмен кеңейтіп, қабырғаларын стентпен бекітеді. Тамыр арнасының көптеп зақымданған жерлерінде дәрігерлер ашық қолжетімділік пен эндоваскулярлық манипуляцияларды біріктіреді.
Мұндай операциялардың құны күрделілігіне қарай 700 мыңнан 4,5 миллион теңгеге дейін ауытқиды, алайда сақтандырылған азаматтар үшін олар МӘМС жүйесі аясында тегін жүргізіледі. МӘМС Павлодар облыстық филиалының директоры Әсел Оқапова медициналық сақтандыруға профильді мамандардың қабылдауы, талдаулар,КТ және МРТ диагностикасы мен басқа да қызметтер кіретінін атап өтті.
– Павлодар облысында жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге арналған шарттарды қор Сұлтанов атындағы облыстық ауруханамен, №1 Павлодар қалалық ауруханасымен және облыстық кардиологиялық орталықпен жасасты, – дейді Әсел Оқапова. – Мұнда қан тамырлары мен жүрекке күрделі операциялар, соның ішінде эмболизация және артерияларды ауыстыру шаралары жасалады. Тоғыз ай ішінде облыс стационарларында осындай 337 операция орындалды.
Медициналық қызметтердің сапасы немесе мерзімі бойынша мәселелер туындаған жағдайда Павлодар облысының тұрғындары өз емханасы немесе ауруханасы жанындағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуі тиіс. Егер жағдай шешімін таппаса, көмек алу үшін МӘМС өңірлік филиалының 70-41-25, 70-41-24 немесе 70-41-23 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.










