
Дәрігерлер аймақ халқының 10%-дан астамын вакцинациямен қамтуды жоспарлап отыр.
Павлодар облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы @pavlodar.rsk алаңында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев пен денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эпидемиологі Дина Шакратова айтып берді. Өңірде бірден 22 нозология бойынша аурушаңдықтың төмендеуі байқалады: жедел вирустық гепатиттер 55,5%-ға, желшешек — 10%-ға, жедел ішек инфекциялары тобы — 11,6%-ға, ал серозды менингит — 21,4%-ға азайған.
– Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау жағдайлары тіркелген жоқ, – деді Батырбек Әлиев. – Тұмаудан басқа вирустарға 177 үлгі зерттеліп, оның 28-і оң нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек, COVID-19-ға зерттелген 177 үлгінің ішінен 8 оң нәтиже анықталды.
Дәрігерлер тұмаудан болатын аурушаңдықты, асқынулар мен өлім-жітімді азайтудың ең тиімді шарасы вакцинация болып табылатынын еске салды. Осы эпидмаусымда 76 мыңға жуық адам тұмауға қарсы препаратты алып үлгерді. Жалпы, өңір халқының 10,7%-ын вакцинациямен қамту көзделіп отыр.
ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін мамандар қолды сабынмен жүйелі түрде жууға немесе тері антисептиктерін қолдануға, суық тию немесе тұмау белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болуға, бөлмелерді жиі желдетуге, үйде және жұмыс орнында жүйелі түрде тазалық жүргізуге, сондай-ақ иммунитетті көтеруге шақырады.
Фото: ChatGPT










