
Павлодар облысының тұрғындары өңірден тыс жерге шықпай-ақ кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектің толық спектрін, соның ішінде ең күрделі жүрек оталарын ала алады.
Бұл туралы @pavlodar.rsk алаңында Павлодар облыстық кардиоорталығының дәрігерлері Виталий Березуцкий мен Айбек Төребекұлы айтып берді. Мамандар жүрек-қан тамырлары аурулары өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып қала беретінін еске салды. Аурудың қауіптілігі — оның ұзақ уақыт бойы белгісіз дамитынында: гипертония,холестерин мен қанттың жоғары деңгейі, артық салмақ, гиподинамия (аз қозғалу) және зиянды әдеттер инфаркт пен инсульт қаупін біртіндеп арттырады.
Медицина қызметкерлері ауыр асқынулардың негізгі себептері ретінде медициналық көмекке кеш жүгінуді,ишемиялық аурудың уақытылы анықталмауын және дәрігер нұсқауларын сақтамауды атайды. Қант диабеті,семіздік, созылмалы бүйрек ауруы бар және тұқым қуалайтын бейімділігі бар пациенттер ерекше қауіп тобына киреді.
Кардиологтар үш негізгі көрсеткішті жүйелі түрде бақылап отыруды ұсынады: артериялық қысым, холестерин және қандағы глюкоза деңгейі. Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден тіркелген жердегі емханада өтуге болады. Оған қоса, өмір сүру салтын түзеткен жөн: тамақтануды теңгерімдеу, тұз бен майлы тағамдарды шектеу, көбірек қозғалу, темекі шегуден және алкогольден бас тарту. Сонымен қатар дәрігерлер жастарды энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудан ескертеді — олар тахикардияны, қысымның көтерілуін және жүрек ырғағының бұзылуын тудырады.
Сондай-ақ дәрігерлер Павлодар облыстық кардиоорталығының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Орталық кардиология, интервенциялық кардиохирургия және аритмияны емдеу бағыттарын біріктіреді. 2026 жылдың 10 айында мұнда 5 мыңнан астам пациент емделіп шықты, ашық жүрекке 500-ден астам ота және 1100-ден астам интервенциялық ота жасалды.
Бұдан бөлек, орталықта жыл сайын мыңға жуық адам сауығатын санаторлық үлгідегі қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесі жұмыс істейді. Әрбір пациент үшін жеке бағдарлама әзірленеді. Оңалту МӘМС шеңберінде тегін жүргізіледі — ол үшін тіркелген жердегі медициналық ұйымнан жолдама алу қажет.
Фото: ChatGPT










