Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысында қолайсыз ауа райында жолдарды жабу ережелері түсіндірілді

Павлодар облысында қолайсыз ауа райында жолдарды жабу ережелері түсіндірілді

Nov 5, 2026 | Жаңалықтар


Қысқы маусым қарсаңында жүргізушілерге боран мен көктайғаққа байланысты тасжолдарда қозғалыс шектелуі мүмкін екені ескертіледі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ТЖД бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев пен «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы директорының орынбасары Қизат Жақупов қысқы кезеңге дайындық туралы айтып берді. Олар республикалық маңызы бар тасжолдарды жабу туралы шешімді жолшылар, құтқарушылар мен полицейлер бірлесіп қабылдайтынын, ал шектеулер мол жауын-шашын, көктайғақ, тұман және көрінуді қиындататын боран кезінде енгізілетінін атап өтті.

– Өткен жылдардың қорытындысы бойынша ұзындығы 170 шақырымнан асатын 138 қар басу қаупі бар учаске анықталды, – деді Қизат Жақупов. – Бұл учаскелерде қар тоқтататын орлар мен қорғандар дайындау, сондай-ақ 2,6 мыңнан астам қума метр қардан қорғайтын қалқандар орнату көзделген.

Инженерлік шараларға қарамастан, қар құрсауында қалу қаупін толық жою мүмкін емес. Сондықтан Думан Қыдырмоллаев жүргізушілерге арналған негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды.

– Алыс жолға шығар алдында жүргізушілерге ауа райы болжамын алдын ала тексеріп, «Darmen» қосымшасы мен басқа да ресми дереккөздер арқылы автожолдардың жай-күйі туралы өзекті ақпаратты біліп отырған жөн, – деді спикер. – Көліктің техникалық саулығын, аккумулятор зарядын және техникалық сұйықтықтардың деңгейін тексерген абзал. Сондай-ақ міндетті апаттық жиынтықты дайындау қажет: сүйреу арқаны, күрек, жылы киім жиынтығы, отын қоры, ауызсу, құрғақ паек, медициналық қобдиша және қуатталған мобильді құрылғылар.

Егер қар құрсауында қалсаңыз немесе көлігіңіз далада бұзылып қалса:

  • Боранда көліктен жаяу шықпаңыз — көріну мүмкіндігі нөлге тең болғанда бағыттан адасу сәттерде орын алады. Көлік — сіздің басты баспанаңыз.
  • Қызметтерге хабар беріңіз: апаттық белгіні қосып, белгі орнатыңыз және бірден 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
  • Пайдаланылған газ шығатын түтікке (выхлопная труба) назар аударыңыз: қозғалтқыш жұмыс істеп тұрғанда салонға иіс тимеуі үшін оны қардан жүйелі түрде тазалап отырыңыз.
  • Отынды үнемдеңіз: жылыну үшін моторды мезгіл-мезгіл іске қосып, алдымен салонды желдетіп алыңыз.

Фото: ChatGPT