Жыл басынан бері арнайы мобильдік топтар 600-ден астам отбасының тұрмыс жағдайын зерттеді.
@pavlodar.rsk алаңында Павлодар облысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарды алдын алу қалай жүргізіліп жатқандығы жөнінде айтылды. Биыл өңірде осындай құқықбұзушылықтар үшін 2,5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Полицияның ұсынысы бойынша соттар құқықбұзушылардың мінез-құлқына қатысты 627 ерекше талап белгіледі. Алкогольге және есірткіге тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емдеуге қатысты дайындалған 191 ұсынымның 183-і сотта қанағаттандырылды.
– Отбасындағы кез келген зорлық-зомбылық, тек физикалық қана емес, моральдық және психологиялық қысым да жол берілмейтін нәрсе, – деді отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпова. – Отбасы тұрмыстық жанжал шығаратын адамға үнсіз төзе бермеуі керек. Егер сіз осындай құқықбұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, міндетті түрде 102 нөміріне хабарласыңыз. Қиын жағдайға тап болған балалар мен жастарға заңгерлік, психологиялық және кеңес беру көмегін көрсететін республикалық 150 call-орталығы жұмыс істейді.
Кеңес алу үшін, сондай-ақ ашық және жасырын түрде өтініш білдіру үшін 111 нөмірлі дағдарыс орталығының телефоны жұмыс істейді. Бұдан бөлек, көмек алу үшін Павлодар облысы полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөліміне +7 7182 371887 нөмірі арқылы хабарласуға болады.