
Оқу жылының басталуымен тәртіп сақшылары балалар қауіпсіздігіне баса назар аударды.
@pavlodar.rsk ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаевтың айтуынша, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында полиция патрульдері оқу орындарына мейлінше жақын орналастырылды. Күнделікті жұмыс күндері сағат 7:30-да патрульдеу басталады. Біріншіден, бұл балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екіншіден, қоғамдық тәртіпті сақтауға септігін тигізеді.
- Жол қауіпсіздігі туралы айтатын болсақ, жыл басынан бері өңірде кәмелетке толмағандар қатысқан 182 жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деді спикер. – Салдарынан өрт бала қаза тауып, 200-ден астам бала түрлі жарақат алды.
Оқу жылы басталмай тұрып полиция мектептер мен колледждер маңындағы бейнебақылау камераларының, дабыл түймелерінің, турникеттердің, жол белгілерінің, «жасанды кедергілердің» және жол таңбаларының жағдайын тексерді. Анықталған барлық кемшіліктер нұсқамаларда тіркеліп, жою үшін жергілікті атқарушы органдарға берілді.










