Жыл басынан бері өңірде 501 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 26 адам қаза тапты, тағы 693 адам түрлі жарақат алды.
Павлодар облысындағы жол қауіпсіздігі мәселесі @pavlodar.rsk алаңында талқыланды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының өкілі Арман Қатпаевтың айтуынша, өңірдегі жол апаттарының басты себептері – жылдамдықты асырған жүргізушілер, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кету, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін сақтамау және жол қозғалысына қатысушыларға құрметсіздік таныту. Бұған қоса, жыл сайын автокөліктер санының артуы да ахуалды қиындатып отыр.
– Көлік тәртібін арттыру мақсатында жыл басынан бері облыс жолдарында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 107 мыңнан астам фактісі анықталды, – деді спикер. – Жылдамдықты асырудан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін өңір жолдарына күн сайын 10 «Кибер-Шериф» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені және 10 «Ekin Patrol» кешені шығады. Биыл жол бойында жайылып жүрген 5,7 мыңнан астам мал айыптұрағына жеткізілді. Мал иелеріне қатысты 305 әкімшілік іс қозғалды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, әсіресе жылдамдықты сақтау мен арақашықтықты ұстануға шақырады. Сондай-ақ, жүргізушілерден балалар білім алатын мекемелердің маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және қоғамдық көлік аялдамаларының қасында аса мұқият болу сұралады. Ал жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өтерде сақ болуға және тек белгіленген жерлерден өтуге кеңес беріледі.