Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысында түнде қыдырып жүрген 347 жасөспірім ұсталды

Павлодар облысында түнде қыдырып жүрген 347 жасөспірім ұсталды

May 12, 2025 | Жаңалықтар


Полиция қызметкерлері 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында өңірде өткен «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды.

Бір айға жуық уақыт ішінде құқық қорғау органдары балалар мен жасөспірімдер жиналуы мүмкін орындарды тексеріп шықты, оның ішінде күмәнді пәтерлер мен притондар да болды. Бұдан бөлек, полицейлер есепте тұрған 118 кәмелетке толмаған баланың үйіне барып, 299 қолайсыз отбасыны аралады.

– Түрлі құқықбұзушылықтар үшін полицияға 532 жасөспірім жеткізілді, – деп атап өтті Павлодар облыстық ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Мәдина Ниязбекова. – Олардың ішінде ең көбі – 347 жасөспірім – түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүрген. Балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін 106 ата-ана мен қамқоршы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Іс-шара барысында түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды мекемелеріне кіргізгені үшін 11 дүкен және ойын-сауық орнының иелері жауапкершілікке тартылды. Тағы 9 кәсіпкер 21 жасқа толмағандарға темекі сатқан үшін жазаланды. Сонымен қатар, бірден 15 заңды өкіл балаларының қоғамдық орында алкоголь ішкені немесе мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.