
Дәстүрлі мұсылман мерекесі үш күнге созылады — 6 маусымнан 8 маусымға дейін.
Құрбан айт өңірдегі барлық мешіттерде таңғы айт намазымен басталады. Машһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің бас имамы Жолдас қажы Бердімұратұлының хабарлауынша, айт намазының басталу уақыты — 6:30.
Намаздан кейін қалаған жандар құрбан шалу рәсімін орындай алады. Павлодар қаласында бұл үшін арнайы «Құлагер» ипподромының аумағы белгіленген, онда барлық қажетті санитарлық және ветеринарлық жағдайлар қамтамасыз етілген. Құрбандық малын союға арналған арнайы орындар облыстың барлық қала және аудандарында ұйымдастырылған. Құрбан шалу рәсімін қашықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан www.qurban.muftiyat.kz сайты арқылы да өткізуге болады.
Сонымен қатар, 6 маусым күні Құрбан айт мерекесіне орай Машһүр Жүсіп мешітінің аумағында балаларға арналған спорттық жарыстар мен викториналар ұйымдастырылады. Мерекелік шараларды сағат 14:00-де бастау жоспарланып отыр.










