Әскерге шақырылушылар несие демалысын алып, жоғары оқу орнына түсу үшін грантқа үміттене алады.
Әскери шақыру науқанының басталғаны туралы @pavlodar.rsk алаңында өңірлік қорғаныс істері департаментінің бастығы Бекзат Оразов айтты. Ол былтыр Павлодар облысынан Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға 1226 адамның шақырылғанын еске салды. Биыл әскерге шақырылушылар саны сәл көбірек болады. Көктемгі шақырылым туралы айтатын болсақ, осы кезеңде өңірден 679 адам мерзімді әскери қызметке жіберіледі деп жоспарлануда.
– Барлық әскерге шақырылушыларға 14 айға несие демалысы беріледі, оның екі айы әскерден кейін бейімделу мен банкпен қарызды өтеу кестесін жасауға арналған, – деді спикер. – Бұл кезеңде кешіктіру немесе қандай да бір өсімпұл есептелмейді.
Әскерге шақырылушылар үшін тағы бір жеңілдік – тегін жоғары білім алу мүмкіндігі. Мерзімді әскери қызметін аяқтағаннан кейін болашақ талапкерге арнайы сертификат табысталады, ол арқылы жоғары оқу орнына түсе алады. Бүгінде Қорғаныс министрлігі Қазақстанның 84 жоғары оқу орнымен тиісті меморандумдарға қол қойды.