Павлодар облысынан келген XXXIV сессия қатысушылары Астанада өткен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұйымдастырылған жиынның мазмұны мен деңгейі туралы өз әсерлерімен бөлісті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен аптадағы жұмысы туралы @pavlodar.rsk алаңында өткен сараптамалық баспасөз конференциясында айтылды. Осы кездесуге қатысқандардың қатарында облыстық аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова да болды. Оның айтуынша, ҚХА белсенділерінің басты мақсаты – ел ішіндегі бірлік пен достықты, өзара түсіністікті нығайту.
– Қазір аналар кеңесінің мақсаты – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша ата- аналармен және шәкірттермен жұмыс жасау, – деді спикер. – Бұл ретте, қала бойынша арасында мемлекеттік тілде және аралас 44 мектеп және бір колледжбен меморандумға отырдық. Бір айта кетерлігі, үш жақтан яғни ата-ана, оқушы, ұстаз болып салт-дәстүрді көрсетіп, ұстанып жақсы үлгі көрсетуде.
Ассамблея жұмысында жастарға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – мемлекеттік тілді дамыту мен этномәдени құндылықтарды дәріптеуге арналған жобаларға қатысты. Облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Рамиль Смаилов атап өткендей, «Пою тебе, мой Казахстан!» атты патриоттық әндер фестивалі – республикада теңдесі жоқ ерекше бастама.
Маргулан университетінің баспасөз қызметінің жетекшісі, танымал блогер Бәкіжан Кәкім бұл сессияға алғаш рет қатысқанын айтты. Ол Ассамблея жанынан өңірлерде журналистика мектептерін ашу туралы бастаманы ерекше атап өтті.