
«Шығыс» кенішінде көптеген жылдар бойы өндірістік процестерді тиімдірек етуге көмектесетін түрлі цифрлық шешімдер енгізіліп келеді.
Бүгінде «Шығыс» кенішінде 2,5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бұл Екібастұздағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Әлеуметтік жауапкершілік аясында мұнда персоналдың еңбегін жеңілдету және көмір өндіруді, сондай-ақ ілеспе бизнес-процестерді оңтайландыруға мән беріледі.
– Бүгінде экскаватордан алынған топырақтың барлығы самосвалдармен ұсақтағыштарға, одан кейін конвейер арқылы үйіндіге беріледі, – дейді кеніштің өндірістік қызметінің басшысы Евгений Валиахметов. – 2022 жылы біз ашық карьердегі автокөлік ағындарын басқару үшін диспетчерлеуді енгізу бойынша жобаны бастадық. Бұл бізге жолдарымыздың қандай күйде екенін, техникамыз қай жерде тұрып қалғанын және жүргізушілер қай жерде жылдамдықты төмендететінін көруге мүмкіндік берді. Әрбір самосвалдың жүру уақытын және оның экскаватор астындағы жүктемесін есептей отырып, жүйе диспетчердің қатысуынсыз машиналарды дербес бөледі.
Өткен жылы көмір карьерінде жұмыс істейтін ұсақтау қондырғыларының біріне бейнеталдау жүйесі орнатылды. Ол нақты уақыт режимінде ұсақтауға түсетін топырақтың мөлшерін анықтайды.
– Егер кеннің кесегі белгілі бір габариттерден асып кетсе, дыбыстық сигнал беріледі, содан кейін конвейер тоқтайды, – дейді автоматтандыру цехының сарапшысы Валерий Ақылов. – Осыдан кейін гидробалғаның көмегімен тау жынысын уататын машинист жұмысқа кіріседі. Мұның бәрі жабдықтың бұзылуы мен тоқтап қалуын болдырмау үшін қажет.
Роторлы экскаваторлардың бірі де «машиналық көру» қабілетіне ие болды. Жүйе шөміштердің тістерін бақылайды. Роторда әрқайсысында 6 тісі бар 32 шөміш бар. Электр станцияларына жеткізілетін көмір өндіру кезінде тістер сынып, көмір массасына түсіп кетуі немесе конвейерді зақымдауы мүмкін. Сондықтан кеніште цифрландырудың арқасында мұндай жағдайлардың алдын алады.










