Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты әрбір жас қазақстандық 18 жасқа толғанда ғана пайдалана алады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын жүзеге асырудың қыр-сырлары талқыланды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдан бастап әрбір жас қазақстандық еліміздің Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің тең жартысын алатын болады.
– Бұл жағдайда мерзімінен бұрын алу құқығы болмайды, – деді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Павлодар облыстық филиалының басшысы Владимир Питраков. – Алушы жинақ ақшасын екі мақсатқа – тұрмыс жағдайын жақсартуға және оқу ақысын төлеуге пайдалана алады, бірақ ол 18 жасқа толғанда ғана. Ол үшін БЖЗҚ-да арнайы жинақ шоты ашылады. Бұл шотқа қаражат аударылғаннан кейін олар инвестициялауды тоқтатады. Барлық үнемдеу АҚШ долларымен жасалады.
Қазақстаннан басқа елге тұрақты тұруға кеткендер Ұлттық қор қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. 18 жасқа толған соң 10 жыл ішінде төлем жасауға өтініш болмаған жағдайда нысаналы жинақтардың талап етілмеген сомалары ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына аударылуға жатады. Баланың бағдарламаға қатысушы-болмайтыны туралы ақпаратты оның заңды өкілдері egov.kz порталындағы жеке кабинетінен ала алады. Сонымен қатар, БЖЗҚ enpf.kz ресми сайтында бағдарлама бойынша тұрақты есептер жарияланатын болады. Ұлттық қордан балалардың шоттарына алғашқы төлемдер 2024 жылдың ақпан айында түседі деп күтілуде.