Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Ақсу ферроқорытпа зауытында цифрландыру есебінен өндіріс тиімділігі артты

Ақсу ферроқорытпа зауытында цифрландыру есебінен өндіріс тиімділігі артты

Aug 8, 2025 | Жаңалықтар


Ақсу ферроқорытпа зауытында кәсіпорынның ішкі бизнес-процестерін жақсартуға мүмкіндік берген цифрлық шешімдер таныстырылды.

Журналистерге арналған баспасөз туры барысында АФЗ-да цифрландыру тиімділікті арттырып, жайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасайтыны айтылды. Тек былтырдың өзінде кәсіпорынның «цифрға» салған инвестициясы 1 млрд теңгеден асты.

Озық жобалардың қатарында – теміржол көлігін басқаруға арналған Dispatch жүйесі бар. Ақсу ферроқорытпа зауытында жергілікті паркті есепке алғанда тәулігіне 900-ге дейін вагон болуы мүмкін. Егер бұрын олар қолмен есептелсе, қазір арнайы қосымша әр вагонның қай жерде тұрғанын нақты уақыт режимінде көрсетеді. Қабылдап-тапсырушылар электронды жол жүру парақтарын толтырады, хабарламалар алады, есептерді 40 минуттың орнына 2-3 минут ішінде жасайды.

Өндірісті цифрландыру бойынша тағы бір ауқымды жоба – MES ERG. Бұл – өндірістік процестерді жедел басқару жүйесі. Оның көмегімен кәсіпорында балқыту цехтарындағы 26 пештің барлығында жұмыс істейтін және агрегаттардың жұмысын бақылауға мүмкіндік беретін электронды пеш журналы жүргізіледі. Жүйе пештердің ауысым немесе тәулік ішінде қалай жұмыс істегені туралы толық мәлімет береді.

АФЗ-дағы цифрландыру металл балқыту процесіне де енгізілді. Зауытта құю машиналарын басқарудың автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Құю процесін автоматтандыру ожаудың еңіс бұрышын, конвейер жылдамдығын автоматты түрде өлшеуге және реттеуге, сұйық ферроқорытпа ағынының қимасын, температурасын анықтауға мүмкіндік береді, бұл металлургтердің жұмысын едәуір жеңілдетеді.

Сондай-ақ, кәсіпорында автоматтандырылған медициналық тексерулер енгізілді. Енді металлургтер ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі тексеруден бірнеше минут ішінде өтеді. Аппараттар қысымды, пульсті, температураны, деммен шығарылған ауадағы алкоголь буының бар-жоғын өлшейді, ал нәтижелер бірден корпоративті қосымшаға және медициналық орталыққа түседі. Егер көрсеткіштер нормадан ауытқыса, дәрігерлер бірден хабарлама алып, жедел шара қолдана алады. Жоба өндірістегі тәуекелдерді азайтып қана қоймай, қандай да бір ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға көмектеседі. Кәсіпорында үш бөлімше үшін осындай 19 аппарат орнатылған. 2026 жылға дейін АФЗ-дағы барлық цехтарды қамту жоспарлануда.