
Өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлердің саны артты.
Павлодар облысы тұрғындары арасында салық мәдениетінің арту белгілері туралы @pavlodar.rsk алаңында сөз қозғалды. Түсіндіру жұмыстары және контакт-орталық басқармасының басшысы Төлеген Шаймарданов өзекті статистиканы келтірді. Үшінші тоқсанда өңірде жеке кәсіпкерлер саны 205-ке артты — барлығы 49 мыңға жуық бизнес субъектісі бар.
– Тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бойынша өсім одан да жоғары, – деп атап өтті спикер. Егер 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың саны 22,7 мыңды құраса, 1 қазанда бұл көрсеткіш 32 мыңнан асты. Бұл кәсіпкерлік қызметпен айналысатын салық төлеушілердің көлеңкеден шығып жатқанын білдіреді. Бүгінгі таңда олар үшін ресми тіркеліп, бюджетке салық төлеу бойынша онлайн-сервистерді пайдалану әлдеқайда оңай.
Мамандардың пікірінше, жыл сайын өңірдегі салық мәдениеті артып келеді. Сонымен бірге Павлодар облысы тұрғындарының жеке тұлғаларға салынатын салықтар бойынша берешектері әлі де бар. Басым бөлігі — жылжымайтын мүлік пен көлік салығы бойынша қарыздар. Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері барша тұрғындарды өз міндеттемелерін заңда белгіленген мерзімде төлеуге шақырады.










