
Қалалық әкімдік өкілдері хабарлағандай, жылу жүйесін реттеу және жөндеу мәселелері арнайы құрылған жұмыс топтары аясында шешіліп жатыр.
Облыс орталығында жылыту маусымының қалай өтіп жатқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов айтып берді. Ол орталықтандырылған жылу әлеуметтік нысандарға 10 қыркүйектен бастап, ал тұрғын үйлер мен басқа да тұтынушыларға 22 қыркүйектен берілгенін еске салды.
– Бүгінгі таңда барлық нысандар жылу жүйесіне қосылды. Бұл әлеуметтік нысандарға, көппәтерлі тұрғын үй қорына және жеке секторға қатысты, – деді әкім орынбасары. – Жылыту маусымына қатысты өтініштерді пысықтау үшін күн сайын жедел штаб өткізетін жұмыс тобы құрылды.
Жылыту маусымы басталғаннан бері қалалық әкімдік пен жылу мамандары тұтынушылардан түскен 150-ден астам өтінімді өңдеді. Қазіргі уақытта барлық проблемалардың 99%-ы шешілді.










