
Өңірдегі су айдындарында батып кете жаздағандардың арасында алты бала болған.
@pavlodar.rsk ақпарат алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері шомылу маусымының қорытындысын шығарды. Судағы қауіпсіздік бойынша жүргізіліп жатқан профилактикаға қарамастан, биыл Павлодар облысының су айдындарында 14 адам қаза тапты. Олардың арасында екі бала бар.
– Талдау көрсеткендей, су айдындарында адамдардың өліміне әкеп соққан негізгі факторлар мас күйінде және тыйым салынған жерлерде шомылу, өз күшіне шамадан тыс баға беру, қайықтар мен катерлерді пайдалану ережелерін сақтамау және жүзу дағдыларының болмауы болып табылады, – деп атап өтті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қыдыржан Нәскенов. – Балаларға келетін болсақ, мұндағы басты себеп – олардың ересектердің қарауынсыз су жағасында қалуы.
Өңірде шомылу маусымы ресми түрде аяқталғанымен, құтқарушылар су айдындарындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Алда ТЖД мамандарын күзгі және қысқы балық аулау маусымы күтіп тұр.










