
Екі жыл ішінде өңірде микрокредит беру жобасы аясында 79 ауыл шаруашылығы кооперативі мен 309 жеке кәсіпкер қолдау тапты.
@pavlodar.rsk-де өткен баспасөз конференциясында «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауылды дамытуға қалай көмектесетіні туралы айтылды. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов жоба аясында жылдық 2,5%-бен микрокредит алуға болатынын еске салды. Ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлері үшін несие мерзімі – 5 жыл, ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК (9,8 млн теңге), ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жобалар үшін – 7 жыл және 8 мың АЕК (31 млн теңгеден астам).
- Несие алу үшін міндетті түрде кепілдік қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жеңілдік кезеңі қарастырылған, бірақ ол 12 айдан аспауы керек, – деп атап өтті спикер. – Жобаларға микрокредит скрининг қорытындысы бойынша беріледі. Сондай-ақ, микрокредит алудың міндетті шарты – жаңа жұмыс орындарын ашу және бұрын қолданылмаған жаңа техника немесе жабдық сатып алу.
Несие алуға өтінімді www.amanatnesie.kz сайтында қалдыруға болады. Павлодар облысында өтінімдерді қабылдайтын және тексеретін, сондай-ақ несиенің мақсатты пайдаланылуын бақылайтын агент – «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. 2025 жылы «Ауыл аманаты» аясында Павлодар облысының тұрғындары үшін шамамен 190 жобаны қаржыландыруға 2 млрд теңге қарастырылған.










