
Павлодар қалалық №1 ауруханасының хирург-эндоскопистері жыл сайын 100-ден астам түрлі ота жасайды.
Жақында медициналық мекемеге жоспарлы түрде Екібастұз қаласының 36 жастағы тұрғыны келіп түсті. Ер адамның өт жолынан тас табылып, оны алып тастауға шешім қабылданды.
• Мұндай аурулардың себептері скринингтерден уақытылы өтпеу немесе медициналық көмекке кеш қаралу, дұрыс тамақтанбау және аз қозғалатын өмір салты болуы мүмкін, – дейді медициналық мекеменің дәрігері Ермек Тоқбаев. – Сонымен қатар, қазіргі уақытта жастар арасында танымал энергетикалық сусындар да денсаулыққа кері әсер етеді.
Мұндай отаның құны импорттық құрал-саймандар мен шығын материалдарының қымбаттығына байланысты жарты миллион теңгеден басталады. Алайда, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін бұл медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.










