Қазақстанның барлық өңірлерін қамтитын бұл науқан 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді.
Ұлттық статистика бюросының өңірлік департаментінің басшысы Жақан Жақеновтің айтуынша, ауыл шаруашылығы санағы елдің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алу мақсатында өткізіледі. Сауалнамаға өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары қатысады. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылық үшін мал ұстайтын, бау-бақшасы мен жер телімдері бар үй шаруашылықтары да санаққа қатысады.
1 маусым мен 30 маусым аралығында Ақсу және Екібастұз қалаларында үй шаруашылықтарын алдын ала аралау жүргізіліп, респонденттердің тізімдері нақтыланады. Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығына жоспарланған. 1 тамыздан 31 тамызға дейін респонденттер sanaq.gov.kz порталында санақ парақтарын өздері толтыра алады. 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына интервьюерлер барып, офлайн кезең өтеді.
Санақ барысында шамамен 63 мың үй шаруашылығы мен 7,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланып отыр. Өңір бойынша 130-дан астам интервьюер жұмыс істейді. Респонденттердің ыңғайы үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қолжетімділікпен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Кеңес алу үшін sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгінуге болады.