Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ
+7 (7182)661551
rsk.pavlodar@gmail.com

Региональная служба коммуникаций Павлодарской области

ҚАЗ   РУС   ENG

Главная 9 Жаңалықтар 9 Павлодар облысының тұрғындарына орманға барудан бас тарту ұсынылады

Павлодар облысының тұрғындарына орманға барудан бас тарту ұсынылады

May 20, 2025 | Жаңалықтар


Мұның себебі – мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупінің жоғары классы тіркелуінде.

Жыл басынан бері өңірде 15 орман өрті тіркелді. Оның ішінде екі жағдайда халықтың кінәсі дәлелденді.

– Павлодар облысындағы кейбір орман мекемелерінде өрт қауіптілігінің төртінші және бесінші кластары енгізілді, – деп хабарлады @pavlodar.rsk алаңында Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімі басшысы Шамиль Елюбаев. – Мұндай жағдайда орман және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшіріледі, жаяу және әуе патрульдеу жиілігі артады, қосымша өрт сөндіру бекеттері құрылуда. Сонымен қатар, Павлодар облысы әкімдігінің өрт қауіптілігінің жоғары классы кезінде мемлекеттік орман қоры аумағында жеке тұлғалардың болуына тыйым салу туралы қаулысы да бар.

Мамандар орманда халықтың кінәсінен өрт туындаған жағдайда жауапкершілік бар екенін ескертеді. Бұл – әкімшілік те, қылмыстық жаза да болуы мүмкін. Жыл басынан бері өңірде мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 8 әкімшілік хаттама толтырылды.